Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырхан ширек финалға дейін өзбектермен кездесуі мүмкін
Бокстан Париж Олимпиадасының жеребесі тартылды. ХХХІІІ Жазғы ойындарда Қазақстан құрамасының мүшелері үшін жарыс кестесі жеңіл болмайтын секілді.
Мәселен, 51 келіде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов алғашқы айналымда Пуэрто-Рико боксшысы Лопес Де Хесуспен жұдырықтасады. Ал оны жеңсе, екінші кезеңде Олимпиада чемпионы, өзбек Хасанбой Дусматовтың әлеуетін байқап көреді.
57 келіде Махмұд Сабырханның бірінші қарсыласы испаниялық Хулиес Бротенс болады. Одан кейін өзбек боксшысы, әлем чемпионы Абдумалик Халоковпен кездесуі мүмкін.
63,5 келіде Мұхамедсабыр Базарбайұлы алғашқы айналымда Испания боксшысы Ибаррече Кондемен сынға түседі. Одан өтсе Тайпей боксшысымен кездесуі мүмкін.
71 келіде Асланбек Шымбергенов алғашқы айқасында Иорданиялық Иашашимен жұдырықтасады. Одан өтсе байырғы қарсыласы, 2021 жылғы әлем чемпионы, 2022 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, жапониялық Севон Окадзавамен шеберлік байқасады.
80 келіде Нұрбек Оралбайдың алғашқы қарсыласы Аустралия боксшысы Каллум Петерс болады.
-92 келіде Айбек Оралбай нигериялық Олейтен Олаормен жұдырықтасады. Оның жеңсе, ширек финалда 2 дүркін Олимпиада чемпионы Хулио Ла Круз әлде әлем чемпионы, әзірбайжандық Альфонсо Домингезбен кездесуі тиіс.
+92 келіде Қамшыбек Қоңқабаев испаниялық Аюб Джадфамен сынға түседі. Испания өкілі 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегер атанған.
Әйелдер боксынан 50 келіде Назым Қызайбай Италия боксшысы Джиордана Соррентиномен өзара мықтыны анықтайды. Еуропалық боксшы 2022 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегер болған.
57 келіде Карина Ибрагимова пуэрторикалық Лозада Мотта Ашлейанмен алғашқы айналымда жолы түйіскелі отыр.
75 келіде Валентина Хальзов доминикалық Азейна Билонмен бірінші айналымда шаршы алаңда кездеседі. Америка құрлығының өкілі әуесқой бокста 2015 жылы әлем чемпионы атанған.