«Аллаһтың қалауы сондай болып тұр екен»: Шымбергеновтің жеңілісінің себебін түсіндірді

Редактор
28.07.2024, 21:40

Ол өз қолынан келгеннің бәрін жасағанын айтты

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты. Кездесуден кейін спортшы мұның себебін түсіндірді.

«Бәрі ойдағыдай болатын. Рингке шығып, қолымыздан келетіннің бәрін жасадық. Аллаһтың қалауы сондай болып тұр екен. Көнеміз енді, не істейміз», - дейді Асланбек Шымбергенов.

Сондай-ақ, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов та бұл жекпе-жекке қатысты өз ойын айтты.

«Төрешілер жеңісті қарсыласқа берді. Жеп қойды деп те айта алмаймыз, тең дәрежедегі кездесу. Бізге берсе олар да үндемес еді. Басқа жігіттерді жақсылап дайындаймыз. Асланбек барын салды, бұйырмай тұр екен», - дейді Мырзағали Айтжанов.

Айта кетейік, Асланбек Шымбергенов бүгін 71 келіге дейін салмақта 1/16 финалда Иордания боксшысы Зейяд Ишаиштан жеңіліп қалды. Төрешілер 3:2 есебімен жеңісті қарсыласына берді.