Абдумалик Халоковқа Махмұд Сабырханды жеңу аса қиынға түседі – британдық сарапшы

Редактор
29.07.2024, 14:32

Шетелдік сарапшы қазақ боксшысына 57 келіде жеңіске жету қиын болатынын айтуда

коллаж: 1bol.kz

Бокстан Париж Олимпиадасының ширек финалында 57 келіде қазақ-өзбек айқасы болады деп күтілуде. Бұл салмақта Өзбекстан намысын Олимпиада және әлем чемпионы Абдумалик Халоков қорғаса, Қазақстан атынан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан шығады.

Британдық бокс сарапшысы әрі бапкер Тейлор О’Хиггинс болса аталған жекпе-жекте өзбек боксшысының мерейі үстем боларына сенімді. Тек ол Махмұдты жеңу үшін біраз тер төгуіне тура келеді дейді.

«Мен Халоковтың чемпион болатынын жеребе тарту рәсімі басталмай тұрғанда-ақ болжағам. Қазір де оның финалға шығарына сенімдімін. Тек ширек финалда қазақ сенсациясы Сабырханға қарсы жекпе-жегі бар. Қағазда екеуінің мүмкіндігін 50/50 деп көрсетіпті. Бірақ, мен Халоковтың қорғаныс пен қарымта шабуылда жылдам әрекет етіп, төрешілердің шешімімен жеңетініне бәс тігем. Шынын айту керек, Сабырхан 57 келіде мені таң қалдырған жоқ. Тіпті, Италиядағы лицензиялық турнирде Асрор Вохидовты жеңуінің өзі күмәнді болды», - дейді О’Хиггинс.

Айта кету керек, Махмұд Сабырхан 31 шілдеде 1/8 финал аясында испан Хосе Кильеспен жұдырықтасады. Оны жеңген жағдайда ширек финалда өзбек Абдумалик Халоковпен жолы түйіседі.