«Ту ұстап шықпауы керек еді»: танымал бапкер Шымбергенов жеңілісінің себебін айтты

Редактор
29.07.2024, 17:27

Боксшы осы Олимпиададан кейін мансабын аяқтауы мүмкін

Қазақстан бокс федерациясы

Қазақстандық спортшылар арасында Олимпиада алтынына бірден-бір үмітті болған боксшы Асланбек Шымбергенов (71 кг) жарысты бірінші айналымда аяқтады. Ол алғашқы жекпе-жегінде иорданиялық Зейяд Ишаиштан жеңіліп қалған болатын.

Осы жекпе-жектен кейін ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов «жеңіс бұйырмады» деп қысқа қайырса, Асланбектің өзі «қолдан келгеннің бәрін істедім» деп пікір білдірді. Ал, ұлттық құраманы бұрын жаттықтырған Тұрсынғали Еділов болса Sportarena тілшісіне сұхбат беріп, жеңілістің себебін өзінше түсіндірді.

«Асланбектің жеңілгені өте өкінішті. Тағдыры ауыр боксшы. Оның кешегі жеңіліске еш кінәсі жоқ. Егер оны бұған дейінгі Олимпиадада «лақтырып» кетпегенде, ол қазір бокстағы мансабын аяқтап қоятын еді. 

Токио Олимпиадасының алдында құйтырқы ойын жүргізілді, оны турнирге қатыстырып, Абылайхан Жүсіповпен кездестірді және Асланбек жеңілді. Сөйтті де Жүсіповті Олимпиадаға алып кетті. Абылайхан Рио Олимпиадасында жеңіліп қалған еді, Токиода да бірінші кездесуінде ұшып кетті. Егер Токиоға Асланбекті апарғанда, ол жүлде алар еді, жұлдызды шағы еді ғой. Амал жоқ, елде қалып боксты одан әрі жалғастырды, келесі Олимпиаданы күтті, уақыт өткізіп алды.

Сіздер түсініңіздер, Шымбергенов қазір жас емес, соншама уақыт бір салмақты ұстап тұру, бабында болу екінің бірінің қолынан келмейді. Оны тағы ту ұстаушы етіп бекітіп қойды. Иә, бұл өте үлкен мәртебе, бірақ соншама үлкен жауапкершілік те», - деді Т.Еділов.

Оның айтуынша, Асланбектің ту ұстап шығуының өзі қателік болған. Боксшы алдағы жекпе-жегіне тыңғылықты дайындалып үлгермеді дейді ол.

«Біз өз жұлдыздарымызды бағалай білуіміз керек. Оларды бұрышқа тақай бермей, жеңіске жетуіне бар жағдайды жасауымыз қажет. Асланбектің алғашқы жекпе-жегінің уақыты белгілі еді. Сондықтан басқа спортшыға ту ұстатып шығару керек еді. Ал, оған тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік беру керек болатын. Олай жасамады.

Жалпы, Азия ойындарынан кейін Асланбекті кемі екі ай демалдырып алу қажет еді. Алайда, желтоқсан айында ешкімге қажет емес IBA турниріне қатыстырып, ол сол жерде нокаут алды», - деп өкінішімен бөлісті білікті бапкер.

Ал, соңғы жекпе-жекте Асланбекке күш-қуат жетіспеді дейді ол. Айтуынша, капитан Олипиадаға әбден шаршап келген.

«Асланбектің шеберлігі иордан боксшысынан әлдеқайда жоғары. Бірақ, қарсыласы шаршамаған тың боксшы екен. Ол үш раунд бойы рингте бір қарқынмен жұдырықтасты. Ал, Асланбекте ненің күші болсын, егер оны бір жарыстан екінші жарысқа лақтыра берсе?! Егер ол нокаут алса қалайша тың жұдырықтасады? Осындай дарынды боксшыны Олимпиаданың жүлдесіне жеткізе алмағанымыз өте өкінішті, ішім ашиды», - деді Тұрсынғали Еділов.

Еске салайық, Асланбек Шымбергенов былтыр желтоқсан айында Астанада өткен «IBA чемпимондар түні» турниріне қатысып, мексикалық боксшыдан нокаутпен жеңілген болатын.