Бүгін бокстан Өзбекстан чемпионатының жеңімпаздары анықталады
Өзбекстанда бокстан ел чемпионаты болып жатыр. Жартылай финалда 71 келіге дейінгі салмақта жергілікті қазақ Аман Қонысбеков пен өзбек боксшысы Асахуджа Муйдинхуджаев кездесіп, төрешілердің түсініксіз шешімімен соңғысы жеңіске жетті.
Жекпе-жек үш раундтқа созылып, рингте ашық айқас болды. Бірінші раундта Қонысбеков қарсыласын бір рет нокдаунға жіберді. Қалған екі раундта да қазақ боксшысы басымдық танытқан. Десе де, төрешілер жекпе-жекте Муйдинхуджаев жеңді деген шешімге келді.
Осылайша, Аман Қонысбеков бокстан Өзбекстан біріншілігінің қола жүлдегері атанып отыр. Ал, Асахуджа Муйдинхуджаев бүгін финалда бақ сынайды.
Жарыстың ақтық сынында тағы бір этникалық қазақ өз бағын сынайды. 63,5 келіде өнер көрсететін Руслан Абдуллаев жартылай финалда Адхам Мухиддиновты жеңіп кетті.
Руслан Абдуллаев – әлем чемпионы (Ташкент, 2023) және Азия чемпионы (Амман, 2022). Ол екі жыл бұрын тарих отаны Қазақстанға келіп, біздің елдің құрамасында өнер көрсеткісі келген. Алайда, біздің мамандар оны қабылдамаған еді.