Нұрбек Оралбай нокдаун алғанына қарамастан аустралиялық боксшыны жеңді

Редактор
30.07.2024, 19:51

Шешуші үшінші раундта Нұрбек қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетті

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан құрамасының өкілі Нұрбек Оралбай (80 кг) Париж Олимпиадасының бірінші айналымда аустралиялық Каллум Питерсті жеңіп, ширек финалға жолдама алды. 

Жекпе-жектің бірінші раунды толықтай қазақ боксшысының басымдығымен өткен. Тиісінше, төрешілер де 5:0 есебімен жеңісті Нұрбекке берді. Алайда, екінші раундта Питерс ашық айқасқа көшіп, оның оң қолымен соққан ауыр соққысы қазақ боксшысының бетіне тиіп, төреші нокдаун ашты. Мұнан кейін Каллум тоқтаған жоқ, оның соққыларының көбі дәлдеген жеріне жетіп, ұпай саны жағынан Нұрбекті қуып жетті деуге болады. Төрешілер де бұл раундта Питерс 5:0 есебімен жеңді деп шешті.

Шешуші үшінші раундта қос боксшы да ашық шабуылға көшті. Десе де, Нұрбек шабуылда да, қорғаныста да сауатты жұдырықтасып, жеңіске лайық екенін дәлелдей алды. Қорытынды есеп – 3:2, Нұрбек Оралбайдың пайдасында.

Ширек финалда отандасымыз Әзірбайжан боксшысы Мурад Аллахвердиевпен рингке шығады.