Париж-2024: Хасанбой Дусматов жеңіске жетті, ширек финалда ол Сәкен Бибосыновпен кездеседі

Редактор
30.07.2024, 23:34

Төрешілер 3 раундта да 5:0 есебін тіркеді

Olympic.uz

Өзбекстан боксшысы Хасанбой Дусматов (51 кг) Олимпиададағы алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтады. Ол 1/8 финалда пуэрториколық Лопес де Хесустан оңай айласын асырды.

Тәжіриебіл өзбек боксшысы үш раунд бойы екінші номерде жұмыс істеп, қарсыласын қарымта шабуылдармен тұсап ұстап отырды. Де Хесус тек үшінші раундта «есін жиып», соққыларын дәл тигізе алғанымен, жеңіске жетуіне бұл тым аздық етті. Қорытынды есеп – 5:0, Дусматовтың пайдасында.

Ширек финалда Хасанбой Дусматов пен Сәкен Бибосынов кездеседі. Бұған дейін қос боксшы ресми жарыстарда үш рет кездесіп, оның екеуінде Дусматов жеңіске жеткен. Париж Олимпиадасы Сәкен үшін таразы басын теңестіретін жақсы мүмкіндік болғалы тұр.

Хасанбой Дусматов – Рио Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы және күміс жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының чемпионы. Кәсіпқой бокста да 6 жекпе-жек өткізіп, оның бәрінде жеңіске жетті.