«Соңғы демім қалғанша жұдырықтасамын»: Бибосынов Дусматовпен болатын жекпе-жек жайлы айтты

Редактор
31.07.2024, 09:24

Хасанбай Дусматов пен Сәкен Бибосынов арасындағы жекпе-жек 2 тамыз күні сағат 21:20-да басталады

Қазақстан бокс федерациясы

Париж олимпиадасында бокстан 51 келіде бақ сынап жатқан қазақстандық Сәкен Бибосынов 1/8 финалда Самет Гюмюшті жеңген болатын. Жекпе-жектен кейін боксшы пікір білдірді.

Отандасымыз ширек финалда өзінің бітіспес қарсыласы, өзбекстандық Хасанбой Дусматовпен кездеседі.

«Аллаға шүкір, жеңіске жеттім. Бірақ қарсыласым осал емес. Жекпе-жек оңай болған жоқ. Үшінші раундта 1-2 қателіктер болды. Енді келесі кездесуімде ондай болмашы қателіктерді қайталамауға тырысамын. Шаршы алаңда аянып қалмаймын. Соңғы демім қалғанша жұдырықтасамын», - дейді Сәкен Бибосынов.

Ол түрік боксшысына қарсы қандай тактика құрғанын да айтты.

«Қарсыластың бойы тапалдау. Бапкерім қашықтықта жұдырықтас деп айтты. Соққы жасап, арақашықтықты ұстап отыруға тырыстым. Екі раундта ұпайларымды жинап алды. Үшіншісінде сәл аяқпен жұмыс істеу жағынан кемшілік кетті. Келесі қарсыласқа тыңғылықты дайындаламыз»,- деді боксшы.

Айта кетейік, Хасанбай Дусматов пен Сәкен Бибосынов арасындағы жекпе-жек 2 тамыз күні сағат 21:20-да басталады.