Ерлер құрамасында жарысты жалғастыратын тек екі-ақ боксшы қалды
Париж Олимпиадасында бокстан 63,5 келіде өнер көрсеткен қазақстандық боксшы Мұхамедсабыр Базарбайұлы ширек финалдан ары аса алмады. 1/4 финалда жерлесіміз грузин боксшысы Лаша Гурулиден жеңілді.
Бірінші раундта қос боксшы да көп барлау жасап, аз соққы жұмсады. Дегенмен, қазақ боксшысының соққылары нық әрі дәл тигендіктен, төрешілердің бәрі раундтың жеңісін Базарбайұлына берді.
Ал, екінші раундта боксшылар ашық жұдырықтасқан. Мұхамедсабырдың соққыларының бірі грузин боксшысының қабағын жарып жібергенімен, дәрігерлер ойынды тоқтатпады. Ал, төрешілер бұл раундтағы жеңісті Гурулиге берді.
Шешуші үшінші раундта боксшылар ашық төбелеске барған жоқ. Есесіне, грузин боксшысының қарымта соққылары дәл тиіп жатты. Нәтижесінде төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Лаша Гурулиге беріп жіберді.
Айта кетейік, Қазақстан ерлер құрамасында небәрі екі боксшы ғана жарысты жалғастырады, қалған бесеуі жүлдеден үмітін үзген.