«Әлсіздердің әрекеті». Бақтияр Артаев боксшылардың Париждегі сәтсіздігі туралы пікір білдірді

Редактор
01.08.2024, 23:02

Жанкүйерлердің қазақстандық боксшыларға өкпесі қара қазандай

Әлеуметтік желі

Бүгін Қазақстан намысын ширек финалда қорғаған Айбек Оралбай әзірбайжандық боксшыдан жеңіліп қалды. Осылайша төртінші боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды.

Ал Афина Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев қазақстандық боксшылар сәтсіздікке ұшырады деген пікір білдірді. 

«Алланың бұйыртқаны болады. Бәрі адамның еңбегіне байланысты. Алдын-ала тон пішіп, жігіттерді сөге алмаймын. Олардың еңбегі бар. 4 жыл аянбай тер төкті.  Сондықтан да қазір хейт іздемей, тәуіптік жасамайық. Боксшыларымыз, өкінішке қарай, сәтсіздікке ұшырап, қысымшылық көріп отырғанда оларға тіреу болудың орнына аяғынан шалмау керек. Былғары қолғап  шеберлері  әлем чемпионатында топ жарғанда бәріміз марқайып қуандық. Ал ұтылып қалған кезде, жерден алып, жерге салғанымыз ұят болар. Ол тектілікке жатпайды. Бұл - әлсіздердің әрекеті. Қазір керісінше есе жіберген жігіттерімізге де қолдау жасап, жұбатып, жігерлендіріп, болашақта жақсы өнер көрсетуіне тілектес болуымыз қажет. Алла нәсіп етсе қалған жігіттерімізге алтын бұйырсын», - деді Бақтияр Артаев Malim.kz тілшісіне.

Париж Олимпиадасында қай боксшы алтын алады деген  сауалымызға Артаев  қалған спортшыларымыздың бәрінен үміт күтетінін жеткізді.

«Барлығына құрметім зор,  бәрінің де қолынан келеді. Ең бастысы Алла бағы мен сәтін салсын. Қыздардан да үміт күтемін. Алтын жүлде уысымызға түседі.  Жақсы жаңалықтар болады әлі» - деп жауап берді Олимпиада чемпионы.

Енді Сәкен Бибосынов (51 кг), Мұхмедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) және Нұрбек Оралбай (80 кг) Олимпиада жүлдесі үшін таласатын болады.