«Бәрін түсінеді»: Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Бибосыновқа қатысты болжам айтты

Редактор
02.08.2024, 14:16

Париж Олимпиадасының ширек финалында қазақ-өзбек дербиі болады

ҚБФ

Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков 51 келіде өнер көрсететін Сәкен Бибосынов пен өзбек Хасанбой Дусматов арасындағы жекпе-жекке қатысты пікір білдірді.

Ол өз сөзінде Олимпиада ойындарында спортшының атағы емес, дайындығы маңызды рөл атқаратынын атады. 

«Хасанбой Дусматов Олимпиада чемпионы атанған боксшы. Бұл жерде Олимпиадада мынау чемпион, мынау осал деп қарамайды. Әр спортшы рингте өз әлеуетін көрсетеді. Менің ойымша, Сәкен Бибосынов осыған дейінгі жаттығуына сай өзінің мықтылығын көрсетеді. Барлығымыз Сәкеннің екінші Олимпиадаға келгенін білеміз. Ешқандай қателікке жол бермеу керектігін ол түсінеді. Ертең шаршы алаңда екі боксшының қандай деңгейде екенін көретін боламыз», - деді Мұхтархан Ділдәбеков.

Айта кетейік, бірінші айналымда Сәкен Бибосынов Түркия боксшысынан басым түскен болатын. Енді ширек финалда өзбекстан спортшы Хасанбой Дусматовпен кездеседі. Өзбек спортшысы Рио Олимпиадасының чемпионы. Өткен жылы әлем чемпионаты мен Азия Ойындарында топ жарған.