Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының жартылай финалына шықты

Редактор
02.08.2024, 20:49

Ұлттық құрама сапында небәрі екі боксшы жарысты жалғастырып жатыр

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Париж Олимпиадасының жартылай финалына Қазақстан құрамасының алғашқы боксшысы жолдама алды. 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Нұрбек Оралбай ширек финалда Әзірбайжан боксшысы Мурад Аллахвердиевті төрешілер шешімімен ұтты.

Бірінші раунд қос боксшы клинчке көп барып, ашық төбелеске барды деуге болады. Нәтижесінде, Нұрбектің соққылары қарсыласына дәлірек тиіп, төрешілер оған 4:1 есебімен жеңісті берді.

Ал, екінші раундта боксшылар сериялық соққылармен көп алмасты. Қазақ боксшысы бірінші номерде жұмыс істеп, қарсыласының жиі қателесуіне мәжбүрледі. Төрешілер бұл раундта да жеңісті Нұрбек Оралбайға берді, есеп 5:0.

Ал, шешуші үшінші раундта Аллахвердиев ва-банкке барды деуге болады. Ол Нұрбекке қарсы бірінші номерде жұмыс істеп, соққыларын жаудырды. Десе де, қорғанысты ұмытып, қарымта соққыларды да жиі алды.

Нәтижесінде төрешілер 5:0 есебімен жекпе-жектегі жеңісті Нұрбек Оралбайға берді.

Айта кетейік, Нұрбек Қазақстан құрамасынан жартылай финалға шыққан алғашқы боксшы. Құрамадағы жеті боксшының бесеуі жеңілсе, біреуі (Сәкен Бибосынов) бүгін өзбек боксшысымен жұдырықтасады.