Карина Ибрагимова Олимпиаданы бірінші айналымнан аяқтады

Редактор
02.08.2024, 23:56

Қыздар құрамасында тек Назым Қызайбай ғана жарысты жалғастырады

Қазақстан бокс федерациясы

Қыздар боксынан Париж Олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан қазақстандық Карина Ибрагимова пэурторикалық Эшлионн Лосада Моттадан жеңіліп, жарысты аяқтады.

1/8 финалда жұдырықтасқан жерлесіміз алғашқы раундта алыс қашықтықты сақтап, сериялы соққыларымен қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсеткен. Алайда, раунд соңында қарсы соққыға түсіп қалып, төреші нокдаун ашты. Салдарынан раундта 3:2 есебімен Мотта жеңіске жетті.

Екінші раундта боксшылар ашық төбелеске көшті, екеуі де қорғанысты ұмытып, сериялы соққыларымен алмасты. Төрешілердің шешімімен бұл раундта да Пуэрто-Рико бксшысы жеңімпаз деп танылды, есеп – 4:1.

Шешуші үшінші раундта Карина Ибрагимова тағы да басымдықты қарсыласына беріп қойды. Қолының қысқалығына қарамастан Мотта Қазақстан боксшысына соққыларын дәл тигізіп, жақын қашықтықта да, орта қашықтықта да өзінің мықты екенін көрсете білді.

Қорытынды есеп – 5:0, Эшлионн Лосада Мотта жеңіске жетті және ширек финалға жолдама алды.

Ал, Олимпиадаға барған Қазақстан қыздар құрамасының осымен екі боксшысы жеңіліп, тек біреуі ғана жарысты жалғастырып жатыр. Ол – 50 келідегі Назым қызайбай.

Ерлер құрамасында да жеті боксшының бесеуі жеңіліп, екеуі қалды.