Сәкен Бибосынов өзбек Хасанбой Дусматовтан жеңіліп қалды

Редактор
03.08.2024, 00:46

Қазақстан ерлер құрамасында жарысты жалғастыратын жалғыз боксшы қалды

Қазақстан бокс федерациясы

Париж Олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан боксшысы Сәкен Бибосынов өзбек Хасанбой Дусматовтан жеңіліп, жарысты ширек финалдан аяқтады.

Алғашқы раундта Сәкен қашықтықта сауатты ойнап, қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетті. Нәтижесінде төрешілер раундты 3:2 есебімен қазақ боксшысының пайдасына жазды.

Ал, екінші және үшінші раундтарда Хасанбойдың соққылары дәлірек және көбірек тиді. Төрешілер еш ойланбастан жеңісті Өзбекстаннан келген Дусматовқа берді, қорытынды есеп – 3:2.

Айта кетейік, Хасанбой Дусматов Олимпиада ойындарының чемпионы және әлем чемпионы. Сәкен Бибосынов болса Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және әлем чемпионы.

Осымен Қазақстан ерлер құрамасында жарысты жалғастыратын жалғыз боксшы қалды. 80 келіде өнер көрсететін Нұрбек Оралбай жартылай финалда доминикалық боксшымен кездеседі. Қалған алты боксшы елге құр қол қайтады.