«Деңгейімді түсінген боларсыздар». Данияр Елеусінов өзбек боксшысы жеңілген соң мақтанды

Редактор
04.08.2024, 12:40

2014 жылы Елеусінов Мадримовтен басым түсіп, чемпион атанған

Matchroom Boxing

Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов америкалық Теренс Кроуфорд (41-0, 31 KO) пен өзбекстандық Исраил Мадримов (11-1, 7 KO) арасындағы жекпе-жекке қатысты пікір білдірді.

Лос-Анджелесте Riyadh Season сериясы аясында өткен кездесу толық 12 раундқа созылып, төрешілер шешімімен (116-112, 115-113 және 115-113) америкалық былғары қолғап шебері жеңіске жетті. Осылайша, ол екі бірдей чемпиондық титулға қол жеткізіп отыр.

Данияр айқасты көріп отырып, қазақ боксының деңгейі қандай жоғары екеніне тағы бір көз жеткізгенін алға тартты.

«Кроу Мадримовті әрең жеңді. Енді сіздер менің қай деңгейде екенімді түсінген боларсыздар», - деп жазды Елеусінов.

Данияр осы арқылы кезінде Исраил Мадримовті сериялық соққыларымен жеңгенін меңзеп тұр. Естеріңізде болса, 2014 жылы Инхондағы жазғы Азия ойындарының финалында Елеусінов Мадримовтен басым түсіп, чемпион атанған.

Ал 2018 жылы Джакартадағы Азия ойындарының финалында Мадримов қазақ боксшысы Әбілхан Аманқұлдан басым түсіп, кейіннен кәсіпқой боксқа ауысты.

29 жастағы Исраил Мадримов бірінші орта салмақта WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы еді. Ол кәсіпқой рингте бірінші рет жеңіліп отыр. Бұған дейінгі 10 жекпе-жегінің бәрінде жеңіске жеткен.