Қос боксшы да абсолютті чемпион болуды көздеп отыр
Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBC чемпионы америкалық Джермалл Чарло (33-0, 22 KO) Жәнібек Әлімханұлымен (15-0, 10 KO) жекпе-жек өткізуге алдын ала келісімін берді деп хабарлады BoxingScene.com.
Бірақ, екі чемпион арасындағы кездесу тек Чарло осы салмақта қалса ғана өтеді. Ол жақын уақытта жоғары дивизионға ауысуға ниетті екенін де жасырған жоқ.
«Мен Жәнібекпен және міндетті қарсыласым Карлос Адамеспен кездесемін. Олар жарады, өсті. Мен қарсыластарыма мүмкіндік беретін боксшымын. Ешбірінен қашқан емеспін. Егер сәті түссе мені осы екі боксшымен рингте көресіздер», - деді ол.
Айта кетейік, Чарло соңғы екі жарым жылдан бері ригке шықпай, тек өткен аптада кезекті кездесуін өткізді. Бұл жолы ол америкалық боксшы кіші Хосе Бенавидеспен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.