Екі рет нокдаунға жіберсе де жеңісті қарсыласқа берді: қазақ боксшыларын төрешілер тағы қысты

Редактор
30.11.2023, 12:09

Аркадий Топаев мұны шектен шыққандық деп отыр

SPORTBALL24

Арменияда өтіп жатқан бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары жеңіске жеткеніне қарамастан әділетсіздіктің құрбаны болды. Бұл туралы жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Аркадий Топаев айтып отыр. Bassport.kz порталының жазуынша, ширек финалға 4 боксшы ғана жете алған.

«Әлем чемпионаты 13 салмақ дәрежесінде өтуде. Біздің төрт боксшымыз ғана ширек финалға шықты. Бұл кезеңге дейін ең болмаса алты баламыз жетеді деп ойлағанмын. Төрешілер біраз жеңісімізді тартып алды. Тіпті, шектен шығып кетті. 52 келідегі боксшымызды венгерлік қарсыласына жығып берді. Біздің баламыз одан басым болып, нокдаунға жіберсе де, жеңісті берген жоқ. 

63,5 келідегі Маржықпаев ресейлік боксшыны сөзсіз жеңген. Бірақ төрешілер 5:0 есебімен жеңісті қарсыластың есебіне жазды. 66 келідегі боксшымыз да өзбектен жеңілген жоқ. Алайда, төрешілердің ойлағаны басқа екен. 

80 келідегі боксшымыз тайпейлікті екі рет нокдаунға жіберсе де, қарсылас 5:0 есебімен жеңіске жетті», - дейді бапкер.

Ол төрешілер тарапынан болған қысастықтың шектен шыққанын айтып отыр.

«Мұны қалай түсінуге болады? Ойларына келгенін істеп жатыр. 

Боксшыларымыз да не болғанын түсіне алар емес. "Ағай, мен ұттым ғой", - дейді. Оларға мұның үлкен спорт екенін, алда неше түрлі әділетсіздіктер, қиындықтар болатынын, бұған еш қайыспау керектігін айтып жатырмын. Мұндай менің де басымнан өткен", - деймін. Басқа не деймін? Барынша жігерлендіріп қоямын», - дейді жасөспірімдер командасының аға бапкері Аркадий Топаев.

Материалда: