«Назымды дер кезінде бағаламадық»: Шавкат Рахмоновтың қарындасы пікір білдірді

Редактор
07.08.2024, 19:37

Назым Қызайбай – әлемнің екі дүркін чемпионы

ҚБФ

Париж Олимпиадасында қыздар боксынан 50 келіде қола жүлдегер атанған Назым Қызайбайдың спорттағы жолы өзгелерге үлгі болуы керек. Даңқты файтер Шавкат Рахмоновтың қарындасы Сора Рахмонова осылай дейді.

Оның пікірінше, Қазақстанның спорт шенділері мен бапкерлер Назымды дер кезінде бағаламаған. Нағыз бабында болған кезде Олимпиадаға апара алмай, жұлдызды шағын босқа өткізіп алған.

«Он жылдан аса уақыт! Жанып тұрған кезі. Тыс қалған екі Олимпиада. Назымды дер кезінде бағаламадық. Қолда барда алтынның қадірін білмедік. Бәрібір алмас қылыш қап түбінде жатпайды екен.

Аяғынан шалған, жолына тосқауыл қойған кедергілерге қарамастан Назым бәрібір Олимпиададағы өзіне тиесілі жүлдесін алды. Тағдырдың бермесін тартып алды десе де болады. Сенің спорттағы жолың барша қазақ қыздарына үлгі», - деп жазды Сора өзінің Instagram-парақшасында.

Айта кетейік, Назым Қызайбай әлемнің екі дүркін чемпионы. Ол Париж Олимпиадасының қола жүлдегері.

Сора Рахмонова – қоян-қолтық ұрыстан қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы