Нұрбек Оралбай Олимпиада финалында жеңіліп, күміс жүлдегер атанды

Редактор
08.08.2024, 02:23

Бұл – Париж Олимпиадасындағы Қазақстанның үшінші күміс медалі

olympic.kz

Бокстан Париж Олимпиадасының финалында қазақ боксшысы Нұрбек Оралбай (80 кг) украиналық Александр Хижняктан жеңіліп, жарыстың күміс жүлдегері атанды.

Бірінші раундты украин боксшысы әдеттегідей ашық шабуылмен бастады. Сериялық соққылардан сәтті қорғанған Нұрбек қарымта шабуылды ұмытпай, қорғаныста жүріп дәл соққыларын тигізе алды. Дегенмен, бұл раунд 3:2 есебімен Хижняктың пайдасына аяқталды.

Екінші раундта Нұрбек Оралбай жиі шабуылдап, қорғаныста жүріп те соққыларын тигізе білді. Хижняк болса жұдырықтасу мәнерін өзгертпестен, ашық шабуылдауын тоқтатқан жоқ. Төрешілер жеңісті бұл жолы 3:2 есебімен қазақ боксшысына берді.

Ал, шешуші үшінші раунд боксшылар ашық төбелеске барды десек артық айтпағанымыз. Қос боксшы үздіксіз соққылармен алмасып, тіпті Нұрбектің мұрны қанап кетті. Дегенмен, дәрігер оған жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат беріп, боксшылар раунд соңына дейін жұдырықтасып шықты. Нәтижесінде төрешілер жеңісті 3:2 есебімен Александр Хижнякқа берді.

Нұрбек Оралбай – Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Бұл – Париж Олимпиадасындағы Қазақстанның үшінші күміс медалі.