Ол ширек финалда қазақ боксшысы Сәкен Бибосыновты жеңген болатын
Өзбекстан боксшысы Хасанбой Дусматов (51 кг) Париж Олимпиадасының чемпионы атанды. Финалда ол француз боксшысымен кездесіп, үш раундтың нәтижесінде жеңіске жетті.
Осылайша Дусматов бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанып отыр. Өзбекстан тарихында әуесқой бокста мұндай жетістікке әлі ешкім жетпеген.
Париждегі ақтық жекпе-жек өзбек боксшысына оңай болған жоқ. Өйткені, оның қарсыласы жергілікті боксшы Билал Беннама еді. Ол – әлемнің екі дүркін қола жүлдегері және Еуропа мен Еуропа ойындарының чемпионы. Десе де, бұған дейін екеуі Ташкенттегі әлем чемпионатында бір рет кездесіп (2023 жыл), Дусматов ол кезде қарсыласын нокаутпен жеңген болатын.
Алғашқы раунд тартысты өтіп, төрешілер жеңісті 3:2 есебімен Дусматовқа берген. Екінші раундта ол қарқынын арттырып, французды 4:1 есебімен ұтып алса, үшінші раундта да дәл осындай есеп тіркелді. Ал, жекпе-жектің қорытынды есебі – 5:0.
Еске салайық, бокстан Париж Олимпиадасының финалына Өзбекстанның бес боксшысы шықты. Аса ауыр салмақта жұдырықтасатын Баходир Жалолов ертең қарсыласын жеңсе, ол да Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы болады.