Қош бол, Олимпиада? IBA 2025 жылы бокстан әлем чемпионатын Қазақстанда өткізбекші

Редактор
16.08.2024, 23:57

Енді ХОК Қазақстанды Олимпиадаға қатыстырмауы мүмкін

IBA

Ресейлік Умар Кремлев басқаратын Халықаралық бокс қауымдастығы ұйымы (IBA) 2025 жылы бокстан ерлер арасында әлем чемпионаты Астанада өтетінін хабарлады.

Қазақстанның бокс федерациясы алғашында қыздар арасында әлем біріншілігін өткізуге өтінім берген екен. Алайда, IBA бұл турнирді Белградқа (Сербия) беріп, Астанаға ерлер чемпионатын қалдырған.

«Екі елдің де бокс тарихы тереңде жатыр және екеуі де халықаралық деңгейдегі шараларды өткізуге тыңғылықты дайындалады. Біз әлемнің ең мықты боксшыларын осы турнирлерде күтеміз», - деп мәлімдеді Кремлевтің өзі.

Белградта ерлер арасындағы әлем чемпионаты екі рет өткен: 1978 және 2021 жылдары. Астанада 2016 жылы қыздар арасында әлем біріншілігі болған.

Айта кететін жайт, Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-ны халықаралық ұйым ретінде мойындамайтынын жуырда ғана мәлімдеген болатын. Ал, оның мүшелігінен шықпаған елдер 2028 жылғы Олимпиада ойындарына жіберілмейтінін ескертті. Осыдан кейін Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин еліміздің бокс федерациясына IBA қатарынан шығуға кеңес берген. Алайда, Шахмұрат Мүтәліп басқаратын ұйым Головкиннің бұл ұсынысы мен кеңесіне құлақ аспаған сыңайлы.