«Талап қойдық»: Мұхтархан Ділдәбеков бас бапкерге қандай тапсырма берілгенін айтты

Редактор
19.08.2024, 12:28

Бас бапкер алдағы олимпиадаға жоспарын таныстырып үлгерген

instagram.com/mukhtarkhan_official

Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков ұлттық құраманың жаңадан тағайындалған бас бапкеріне қойылған негізгі талаптардың бірін айтты. Бұл туралы шенеунік Olympic.kz-ке берген сұхбатында мәлімдеген.

«Қайрат Сәтжановтың алдағы олимпиадалық циклге ұсынған жоспарын талқыладық. Көңілімізден шықты. Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша бас бапкерді ауыстырғанымызды білесіздер. Оған қойылған негізгі талаптардың бірі - командада жеке шәкіртінің болмауы. Сондай-ақ, шетелдік мамандармен жұмыс істеп, жасөспірім және жастар командаларына бірдей көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз», - дейді Ділдәбеков.

Париж Олимпиадасына толық құрамда барған Қазақстан боксшылары іріктеу кезеңдерінде жаппай жеңіліп, жалғыз күміспен оралған болатын. Осыдан кейін федерация тарапы Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер құрамын қызметінен босатты. Бұл міндетке кейін еліміздің жастар құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов тағайындалды.

Айта кетейік, Қайрат Сәтжанов 2021-2022 жылдары еліміздің бокс құрамасының бапкері қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен қазақ боксшылары 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ, 2022 жылы Азия чемпионатында 3 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль иеленді.