Махмұд Сабырханның дене бітімі 57 келіге әлі кішкентай – Мықтыбеков

Редактор
24.08.2024, 15:43

Ол 54 келіде әлем чемпионы атанған болатын

olympic.kz

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков боксшы Махмұд Сабырханның Париж олимпиадасында сәтсіз өнер көрсетуінің себебін түсіндірді.

Шенеуніктің сөзінше, Сабырхан 57 келі үшін кішкентай болған.

«Махмұд Сабырханның 57 келіге ауысқанын білесіздер, аз уақыт қана болды. Жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшы болғандықтан, біз одан үлкен үміт күтеміз. Сабырханның 57 келіде әлі толық бейімделмегені көзге көрінді. Оның қарсыластарының 65-62 келіден салмақ қуып, 57 келіге түскені көрініп тұрды. Салыстырып қараған кезде Махмұдтан дене бітімі үлкен болып көрінді», - деді ол.

Еске салайық, Махмұд Сабырхан Париж Олимпиадасында бірінші айналымда испан боксшысы Хосе Кильестен жеңіліп қалды. Ол бұған дейін 54 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы және әлемнің күміс жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған.