«Өзгелер ойлағандай емес»: Тулкин Киличев Жалолов пен Дычконың кездесуі қалай өтуі мүмкін екенін айтты

Редактор
24.08.2024, 15:51

Бұған дейін екеуі әуесқой бокстан төрт рет кездесіп, төртеуінде де Дычко жеңді

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев шәкірті Баходир Жалолов пен қазақстандық боксшы Иван Дычко арасында өтуі мүмкін кездесуге қатысты пікір білдірді.

Қос боксшының кәсіпқой рингте жолығуы мүмкін екенін бұған дейін америкалық спорт журналистері айтқан болатын.

«Бұл айқас шаршы алаңдағы Қазақстан – Өзбекстан арасындағы бәсекелестік ретінде қызық. Жекпе-жек, өзгелер ойлағандай емес, әдеттегідей өтуі мүмкін. Бірақ біз Жалоловтың мықты екенін дәлелдеуге тырысамыз», - деді Киличев.

Дычко мен Жалолов әуесқой бокста төрт рет кездесіп, төртеуінде де қазақстандықтың мерейі үстем болған. Десе де, өзбек маманы кәсіпқой бокста басқаша боларына сенімді. Ол ендігі жекпе-жек Жалоловтың жеңісімен аяқталады деп отыр.

Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын Иван Дычко 14 ай үзілістен кейін рингке оралып, америкалық Крейг Льюисті нокаутпен жеңді. Бұл – қостанайлық боксшының кәсіпқой бокстағы 14-жекпе-жегі. Оның бәрінде Дычко жеңіске жеткен және 13-ін нокаутпен аяқтаған.

Ал Жалоловтың рекорды – 14-0, 14 КО. Тамыз айында ол Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанды.