«1 алтын, 1 күміс, 1 қолаға уәде берген»: Ермек Маржықбаев бокс құрамасын сынға алды

Редактор
28.08.2024, 12:53

Осымен екінші олимпиада қатарынан Қазақстан боксшылары алтын медаль ала алған жоқ

Туризм және спорт министрлігі

Париж Олимпиадасының қорытындылауға арналған алқа отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев бокс құрамасының нәтижесін сынға алды. Оның сөзінше, Олимпиаданың алдында команда жетекшілері 3 жүлде алатынын айтып, болжам жасаған.

«Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы 7 салмақтың барлығында жолдама иеленді. Олар 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальға қол жеткізуге уәде берген еді. Алайда, жалғыз күміс жүлде иеленді. Екінші олимпиадада боксшылар бірде-бір алтын медаль ала алмады. Қазақстандық бокс мектебі өзінің көшбасшы позициясының арқасында әлемдік спорт аренасында әрқашан танымал болған. Біздің боксшылар 1996 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Барлығы 61 спортшы қатысып, 22 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 7 алтын, 7 күміс және 8 қола жүлде бар. Бокстан ұлттық құрама Парижде жақсы нәтиже көрсете алған жоқ», - деді министр.

Париж Олимпиадасында Қазақстан боксшыларының басым көпшілігі іріктеу кезеңдерінде сүрінді. Олардың арасында тек Нұрбек Оралбай (80 кг) ғана финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. Бұдан бөлек, еліміздің әйелдер құрамасынан Назым Қызайбай (50 кг) қола медаль иеленген болатын.