Спорт министрлігі тек қаржы бөлуге ғана жауапты дейді ол
Боксшылардың Олимпиада алдындағы дайындығы дұрыс болмаған. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысында айтты.
«Қазақстан құрамасының боксшылары физикалық тұрғыда да, моральдық тұрғыда да дайын болған жоқ. Қамшыбек Қоңқабаевтың өзі Олимпиада ойындарының алдында 10 айда небәрі бір жарым кездесу өткізді. Ел чемпионатында бокстасатын адам жоқ. Нәтижелерге федерациялар жауапты. Министрлік қаржыландыруға жауап береді», - Ермек Маржықпаев.
Ведомство басшысы еліміздің барлық қаласында бокс турнирлерін ұйымдастыруды қайта қолға алуды тапсырды.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасында Қазақстан бокстан бір күміс, бір қола медальмен шектелді. Ерлер арасында Нұрбек Оралбай 80 келіде күміс медаль алса, қыздардан Назым Қызайбай 50 келіде қола жүлдеге ие болды.