Жалолов кәсіпқой бокста абсолютті әлем чемпионы атануды көздейді

Редактор
29.08.2024, 16:01

Аса ауыр салмақта бұл жетістікке соңғы рет украиналық Александр Усик жеткен болатын

Olamsport

Бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы өзбекстандық Баходир Жалолов енді кәсіпқой бокста биік белесті бағындыратынын алға тартты.

Ел президенті Шавкат Мирзиеевтің спортшылармен кездесуінде Жалолов та сөз сөйлеп, Өзбекстанның боксшылары Парижде бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. Мұның бәрі елдегі бокс деңгейінің артуына, жастар арасында қызығушылықтың өсуіне себеп болғанын қоса кетті. Сөзін қорытындылай келе, әуесқой бокстан кетсе де, кәсіпқой бокста абсолютті әлем чемпионы атануды көздейтінін айтты.

«Орталық Азияның өзге елдерінде екі олимпиада чемпионы жоқ, ал бізде үш бірдей екі дүркін Олимпиада чемпионы бар. Бұл үлкен жетістік. Токио олимпиадасынан соң Баходир Жалолов атындағы мектеп ашуды тапсырдыңыз. Былтыр 100 адам қабылдасақ, биыл 1500 адам құжат тапсырды, соның 90-ын қабылдаймыз. Спортшыларға көрсетіп жатқан қолдауыңыз үшін алғыс айтамын. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. «Балуан бір сөйледі» дейді ғой. Құдай қаласа, кәсіпқой бокста төрт нұсқа бойынша әлем чемпионы атанып, Өзбекстан тарихын жаңартсам деген жоспарым бар», - деді Жалолов.

Айта кетейік, Баходир Жалолов кәсіпқой бокста 14 жекпе-жек өткізіп үлгерген. Оның бәрінде өзбек боксшысы нокаутпен жеңіске жетті.