Олардың арасында Сабырхан Төрехан да бар
Ресейдің Чита қаласында бокстан жастар арасында өтіп жатқан «Даурия» еуразиялық кубогында еліміздің 12 спортшысы жартылай финалға шықты.
Олардың арасында жастар арасында Азия чемпионы Төрехан Сабырхан да бар. 25-31 тамыз күндері аралығында жалғасатын бәсекеге еліміздің спортшылары толық құрамда барған болатын.
Олардың ішінде Бексұлтан Боранбек (51 кг), Әділбек Қожахан (54 кг), Әли Мұрат (54 кг), Ислам Ибрагимов (57 кг), Жансері Көшербаев (57 кг), Асылхан Көшербай (63,5 кг), Ахмет Есен (63,5 кг), Төрехан Сабырхан (67 кг), Өнер Сейілхан (71 кг), Санжарәлі Бегалиев (75 кг), Дамир Синеев (80 кг), Мадияр Бексұлтанов (80 кг), Аслан Еділбайұлы (92 кг) сынды былғары қолғап шеберлері бар.
Аталған жарысқа елімізден бөлек, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Молдова, Венесуэла, Куба, Беларусь, Тәжістан елдерінің бокс құрамалары қатысып жатыр. Осы жастар құрамасы қазан айында Черногорияда өтетін әлем чемпионатына қатысады.
Айта кететін жайт, еліміздің жастар құрамасын тамыз айына дейін Қайрат Сәтжанов жаттықтырған еді. Тамыз айының ортасында ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалған маман жастар қарқынын бақылау үшін Читаға арнайы келді.