Ермек Серіков әуесқой бокста 150 кездесу өткізіп, соның 143-інде жеңіске жет
«Қазақтың Тайсоны» деген лақап атпен танылған қарағандылық боксшы Ермек Серіковтің де өмір өткеніне биыл 15 жыл толды. Қазақтың талантты ұлдарының бірі тірі болғанда 35-ке толар еді.
Ермек те Бекзат Саттарханов ағасы секілді 20 жасында бұл дүниемен қош айтысқан. Өзі 1989 жылы Қарағанды облысының Шахтинск қаласында дүниеге келген. Қарағанды боксының атақ-даңқы алысқа кеткенін спорт мамандары мен жанкүйерлері жақсы біледі. Ермек те сол ағаларының жолын қуып, 10 жасында Шахтинскідегі бокс мектебін жағалаған. Оның спорттық карьерасы 10 жылға ғана созылды. Бірақ қысқа уақыттың ішінде өзін мойындата білді. Соңғы жылдары талантты боксшыны Рамазан Мизамбаев жаттықтырды.
Серіковтің жұдырығы жойқын болатын. Көбінесе, қарсыласын нокаутпен жеңетін. Бала кезінен бітімі бөлек жігітті көпшілік «қазақтың Тайсоны» деп атап жүрді. Әуесқой бокста 150 кездесу өткізіп, соның 143-інде жеңіске жетіпті. Жеті рет тең түскен.
Алла санаулы ғана ғұмыр берсе де, біраз биікті бағындырды. Үш рет Азия чемпионы атанды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген мәртебелі дәрежесі тағы бар. 2005 жылы16 жасында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралған. Өзінің таланты мен еңбекқорлығының арқасында ұлттық құрамаға ілінген ең жас боксшымыз болды.
2009 жылы Миландағы әлем чемпионатына Дамир Буданбеков бастаған ұлттық құрама бапкерлері 69 келіде Ермекті апаруды жоспарлаған екен. Алайда тағдыр ол күнге жеткізген жоқ…
Миландағы әлем біріншілігіне бір ай қалғанда оққа ұшып, дүниеден озды. Бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, Ермекті 10 тамыз күні кешкі уақытта достары көмекке шақырған. Мейрамханада басталған ерегесті жігіттер қала сыртында шешуге тырысады. Оқиға орнына жеткен кезде боксшыға қарсы оқ атылады. Белгісіз біреудің атқан оғынан көп қан жоғалтқан боксшы Шахтинскідегі ауруханада қаза табады.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына тексеріс жүргізгенде пневматикалық қаруға ұқсас қару мен 7 гильза тапқан. Сондай-ақ сол жерде боксшының «Тойота Камри» автокөлігі де қалған.
Серіктовті өлтірген қылмыскер 2,5 жылдан кейін ғана Ресейде ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Сот кінәсін толық мойындаған Владимир Щепинді 7,5 жарымға бас бостандығынан айырады. Бірақ ол түрмеде жазасын толық өтеген жоқ. Өйткені, өзі де 2013 жылдың қаңтар айында жүрек талмасынан қайтыс болды.
Ермектің кәсіпқой боксқа ауысу туралы да жоспары болыпты. Бұл күндері елдің абыройын асқақтатып, халқымыздың мақтан тұтар ұлына айналған Генадий Головкиннің өзі қасына шақырған.
Генаның бұрынғы промутерлік компаниясы «Universum Box Promoution» 19 жастағы Серіковке келісімшартқа отыруға ұсыныс жасаған екен. 2008 жылы ол қыркүйек-қазан айларында Германияға барып, Головкинмен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Жергілікті боксшылармен бірнеше спаррингтік кездесулерге шығады. Головкиннің жеті сағат бойы үздіксіз дайындалғанын көріп, таңданысын да жасырмаған еді. Боксшы елге оралғаннан кейін жақсы ұсыныстар болса, кәсіпқой боксқа келесі жылы ауысуым мүмкін деп айтқан болатын. Бірақ, бірақ…
2014 жылы Қарағандыда алғаш рет боксшыны еске алу турнирі өтті. Жарысқа Өзбекстан, Астана, Алматы қаласынан және Қазақстанның өзге облыстарынан 92 боксшы қатысты. Регламентке сәйкес, 10 салмақ категориясы боййынша 82 кездесу өткізілді. Турнирдің ашылу салтанатында Геннадий Головкиннің видеоүндеуі көрсетілген болатын.
«Мен Ермекті жақсы танимын. Ол нағыз чемпион, еңбекқор жігіт болатын. Екеуіміз бір кездері Германияда бірге жаттыққанбыз. Ермек маған келді. Оқу-жаттығу жиынымыз өте жоғары деңгейде өтті. Спарринг кездесулері керемет болды. Тіпті, әлем чемпионы Маркос Майданамен шықты. Одан өзге де кәсіпқой бокстың жілігін шаққан жігіттермен терезесі тең өнер көрсетті. Ал ринг сыртында әрдайым адал, әділ, көңілді жігіт болатын. Ол біздің жүрегімізде нағыз чемпион, дос ретінде мәңгілікке қалады. Мен онымен мақтанамын», – дейді Геннадий Головкин.
Жыл сайын Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында еске алу турнирлері өтіп тұрады. Оған республиканың бірнеше облысынан жас боксшылар келіп қатысады.
«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай айтпақшы, тірісінде талайларды мойындатқан Ермектің есімі жанкүйерлердің жадында мәңгі сақталып қалары анық.