Азия бокс конфедерациясы ІВА құрамынан шықпайтын болды

Редактор
03.09.2024, 15:23

Қазақстанның бокс федерациясы әлі нақты ұстанымын білдірген жоқ

IBA

Бокстан Азия конфедерациясы (ASBC) ІВА-ның құрамында қала беретін болды. Бұл туралы ASBC Конгресінде делегаттар шешім қабылдап, ІВА бұған қатысты ресми мәлімдеме жасады. 

«Бұл шешім IBA-ның бүкіл әлем бойынша боксты дамытуға бағытталған көпжылдық жұмысын және боксшылар отбасының шынайы бірлігін көрсетеді. Бұл нағыз демократия және IBA ұлттық федерациялардың әртүрлі көзқарастарын бағалайды. Дегенмен, шешімдер көпшілік дауыспен қабылданғандықтан, IBA бұл шешімді қолдап отыр. Өз кезегінде, IBA ұлттық федерацияларды іс-әрекетпен қолдауға жұмыс істейді. Бізде барлық ресурстар бар. Соның ішінде бүкіл әлем бойынша боксты дамыту үшін әдістеме мен қаржы көзі қарастырылған», - деп жазылған Халықаралық бокс қауымдастығының мәлімдемесінде.

IBA басшылығының пікірінше, кейбір федерациялардың World Boxing альтернативті ұйымына қосылуға деген саяси ниеті еш қисынға келмейді.

«Бокстың өркендеуіне ұмтылмайтын, тек өз басшылығының жеке амбициясын көздейтін ұйымға қосылудың мағынасы жоқ. World Boxing-тің құрамына ену – сол елдердің боксына сөзсіз зиян тигізеді. 2024 жылы Париждегі Олимпиада ойындарында World Boxing құрамына кіретін елдер құрамаларының төмен өнер көрсетуі соның айғағы. Ұлттық Олимпиада комитеттері ХОК қысымымен өз елдерінде саяси астарлы науқандар өткізіп, ұлттық федерацияларға IBA-дан шығу үшін қысым көрсетіп жатқанын жақсы біледі. Біріншіден, бұл тәуелсіз ұйымдардың жұмысына араласу. Егер ұлттық федерациялар IBA-да қалса, қаржыландыруды тоқтату қаупі спортшылардың мүдделеріне қайшы келеді. Бұл олардың боксшыларын IBA ұсынатын мүмкіндіктерден айырады», - дейді қауымдастық басшылығы.

IBA басшылығы жаңа World Boxing ұйымында қандай да бір маңызды жарыстарды ұйымдастыруға қаржы да, тәжірибе де, қолдау да жоғын алға тартып отыр.

«Олар боксты Олимпиада ойындарының орталығында ұстағысы келетінін мәлімдейді. Бұл өз алдына әділетті, бірақ бұл ретте оларға елдердегі спортты дамыту, жастар және жасөспірімдер боксы, спортшылардың шыңға шығу жолы маңызды болмай отыр. Олардың бағдарламасымен бірге нақты көзқарасы да жоқ. Тек боксты Олимпиадаға қалдыру идеясы ғана бар. Бұл әсерлі көрінуі мүмкін. Бірақ бокстың сәтті спорт түрі болуы үшін бұл жеткіліксіз. Бокс әлем чемпионаттары мен континенттік жарыстарсыз, элиталық, жастар және жасөспірімдердің турнирлерсіз өмір сүре алмайды. IBA өз кезегінде берген уәдесін іс-әрекеттермен көрсетеді. Біз элиталық боксшыларға әуесқой және кәсіби бокста өздерін көрсетуге мүмкіндік бере отырып, жаппай боксты қолдау үшін көп жұмыс істеп жатырмыз», - деп жазылған IBA мәлімдемесінде.

Бұл ретте ІВА ұлттық федерацияларды саналы түрде шешім қабылдауға шақырып отыр. Себебі, ұйым мүшелігінен шыққаннан кейін ол елдің құрамаларының жолы болмайды-мыс...

Еске салайық, Париж Олимпиадасынан бұрын еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Қазақстан бокс федерациясы ІВА құрамынан шығып, World Boxing-тің мүшесі болу керек деген пікірін білдірген еді. Бұған қатысты кейін Ресейдің бокс мамандары пікір білдіріп, Головкинді сын тезіне алған болатын.