Махмұд Сабырханның бокс қолғабы Ризабек Айтмұқанға берілді

Редактор
18.09.2024, 18:04

Шымкентте өткен тойда белгілі балуан ұтыс лотореясына қатысты

instagram.com/rr1zabek

Еркін күрестен елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан тойдағы ойын кезінде бокс қолғабын ұтып алды.

Шымкентте өткен тойда белгілі балуан ұтыс лотореясына қатысып, ерекше сыйлыққа ие болды. Кезекті шар айналдыру рәсімін жасаған Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай 403-ші шарды алып шыққан еді. Бұл нөмір тойда қонақ болған балуанның еншісінде болып, күтпеген жерден бокс қолғабына иелік етті.

Айта кететін жайт, бокстан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан отау көтерген болатын. Оның дүбірлетіп өткізген тойына көптеген қонақтармен бірге еліміздің бірқатар спорт жұлдыздары қонақ болды. Олардың қатарында әлем чемпиондары Санжар Тәшкенбай, Ризабек Айтмұқан, Нұрбек Оралбай сынды спорт саңлақтары бар.

Айта кететін жайт, Ризабек Айтмұқан өткен аптада Испанияда 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында топ жарды. Ол енді қазан айының соңында 23 жасқа дейінгі жастар арасында өтетін дүниежүзілік біріншілікте ел намысын қорғайды.

Париж Олимпиадасынан тыс қалған әлем чемпионы 97 келіде белдеседі. Сондай-ақ, биыл ересектер арасында өткен Азия біріншілігінде екі дүркін күміс жүлдегер атанған.