«Беті көгеріп, ісіп кеткен»: Назым Қызайбай бас киімсіз жұдырықтасудың кемшілігін айтты

Редактор
27.09.2024, 10:26

Назым алдағы уақытта үш дүркін әлем чемпионы атанғысы келеді

Видеодан кадр

Бүгін Қарағандыда әйелдер боксынан "Мықтылар турнирінің" ақтық сыны өтеді. Дүбірлі доданың финалына шыққан спортшылр түгел анықталды. Бұл турнирдің ерекшелігі – боксшылар арнайы бас киімсіз шаршы алаңға шықты.

Әйелдер боксында бұдан былай бас киім болмайды. Жаңа ереже халықаралық аренада Азия чемпионатынан бастап енгізілмек.

Қарағандыға боксшы қыздарды қолдауға барған Париж олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай арнайы бас киімсіз жұдырықтасудың қандай кемшілігі болатынын айтып берді.

«Бұл жерде дайындық өзгереді. Менің ойымша, енді қорғанысқа мән беру керек. Өйткені, байқағанымыздай, көп қыздардың беті көгеріп, ісіп кеткен. Бұл бірінші жарыс болғандықтан деп ойлаймын. Келесі жарыстарда қорғанысты күшейтіп, жақсылап дайындалу керек», – дейді Назым Қызайбай.

Боксшы олимпиадан кейін ұзақ уақыт демалыс алғанын атап өтті.

«Қазір, міне, демалып жатқаныма екі айға жуық уақыт өтіпті. Жекпе-жекті көріп, жатттығуларды сағынып жүрмін. Бір жағынан осылай демалғаным дұрыс болды. Өйткені, 4 жылдан бері үзіліссіз жиындарда жүреміз. Соңғы рет ұзақ демалыс 2014 жылы әлем чемпионатынан кейін болған. Ал қалған уақытта бір аптадай ғана үйде болатынмын. Осы демалыстан кейін оқу-жаттығуға кірісеміз. Қыздар Азия чемпионатына дайындалады. Алдағы жоспарымыз – жақсылап дайындалып, әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғау», – деді Назым Қызайбай.

Назым алдағы уақытта үш дүркін әлем чемпионы болғысы келетінін де жасырмады.

«Ең жақын тұрған жарыс – әлем чемпионаты. Соған дайындаламын. Мен әлемнің үш дүркін чемпионы болғым келеді. Арманым емес, нақты мақсатым десем болады. Қазақстанның үш дүркін әлем чемпионы атану мотивация сыйлайды», – деді Назым Қызайбай.