Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-ға мүше болған елдердің боксшыларын 2028 жылғы олимпиада ойындарына қатыстырмау мәселесін қарастырып жатыр
Қазақстан бокс федерациясы өткен аптада IBA-дан шығуға және World Boxing құрамына кіруге өтініш бергені белгілі. Бұған қатысты сарапшылар пікірі әртүрлі. Бірі құптаса, енді бірі қарсы, кейбірі екі ұйымда қатар қалу керек дегенді де айтып жүр.
Тіпті, Ресей бокс федерациясы бапкерлер кеңесінің төрағасы Эдуард Кравцов Қазақстанда екі бірдей федерация құрылатынын болжаған. «Матч ТВ» телеарнасына берген сұхбатында ол қазақ боксы екіге бөлінетінін, бірі Ресеймен қалса (IBA құрамында), екіншісі Батыс әлеміне (World Boxing) қосылатынын айтқан.
Ал Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Болат Манкенов екі ұйымда қатар жүрудің мәні жоқтығын алға тартты. «Бірінші бол» тілшісіне берген сұхбатында отандық маман ресейліктер басқаратын ұйым коррупцияға белшеден батқанын айтып отыр.
«Қазақстан бокс федерациясының World Boxing құрамына кіру туралы өтініш бергенін құптаймын. ІВА-ге келсек, бұған дейін де айтқанымдай, ұйым басшылығы ғасырлар бойы жалғасып келген үрдістің күл-талқанын шығарды, ережелерін өзгертіп тастады. Жемқорлық жайлаған ұйымға айналдырды. Олимпиада хартиясын бұзды. Төрешілерге көңілі толмайтындар көбейді. Мыңдаған адамның еңбегін еш етті ғой.
Өз басым, Геннадий Головкиннің World Boxing-ке барғанына қуандым. Себебі, ол Батыстың да жүйесін біледі, Шығыстағы бокспен де таныс. Әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да біраз биікті бағындырды, сондықтан боксты өте жақсы біледі», - деді Манкенов.
Қазақстан бокс федерациясы IBA қатарынан ақыры жақсы болмайды дейтіндер де табылып жатыр. Тіпті, аталған ұйым президенті Умар Кремлевтің өзі қазақ боксшылары ақшасыз қалатын болды деп «алаңдапты». Болат Манкенов болса бұл пікірмен келіспейді.
«Қазақ екі кеменің басын ұстаған суға кетеді деуші еді. Қазір бәріне саясат араласатын болып кетті. Негізі спорт өзінше әлем болуы керек. World Boxing таза, боксшылар мүддесін қорғайтын ұйым екенін дәлелдей білсе, онда бокс Олимпиада ойындарының бағдарламасында қалады. Бокс ежелгі ойындарда болған, тарихы тереңде жатқан спорт түрі, сондықтан оның бағдарламадан шығып қалуына жол бермеу керек. Олимпиада деген адамзат тарихындағы ең гумандық жоба болды, ойындар кезінде тіпті соғыс тоқтаған. Головкин бастаған бокс мамандары бұған дейінгі басшылар тарапынан кеткен олқылықтардың орнын толтырады деп үміттенемін», - дейді ол.
Сөйте тұра, ІВА боксшылардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға көп септігін тигізіп жүр деп санайтын мамандар бар. Сондықтан Болат Манкеновтен осы жайтқа қатысты да пікірін сұрадық.
«Қазір бәрі монетизация болып кетті. Әртісің де, блогерің де, спортшың да табыс табуды ғана ойлайды. Бірақ біз қазір бокстың өзіне ғана тән әдемілігінен қол үзіп барамыз. Онда шабуылдау, қорғаныс та бар, аяқта тұрудың өзі қандай?! Өзінше өнер ғой. Тіпті Олимпиада ойындарына бір жыл қалғанда әуесқой боксшылар ақша үшін кәсіпқой бокста бақ сынап, нокаут алып жатты. Ойлап қарасаңыз, бұл екеуі екі бөлек спорт, айырмашылығы – жер мен көктей. Түбі бір болғанымен, жүйесі бөлек, ережесі бөлек, даярлығы бөлек. Сөйтеміз де соңынан неге алтын жоқ деп шулаймыз, бапкерлерді кінәлаймыз. Ақша-ақша деп, агрессияға бейім қоғамға айналып кеттік. Мұның соңы неге апаратынын, болашақ ұрпақтың қандай болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан бізге мейлінше тездетіп қауіптің алдын алу қажет», - деп түйіндеді ойын ол.
Еске салайық, былтыр желтоқсан айында бокстан Қазақстан құрамасының мүшелері IBA-дің Астанада өткізген кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсетті. Команда капитаны Асланбек Шымбергенов мексикалық боксшымен жекпе-жек өткізіп, нокаутпен жеңілді.