Головкин ХОК басшысымен боксты Олимпиадада қалдыру мәселесін талқылады

Редактор
03.10.2024, 17:45

Бах Геннадий Головкиннің әлемдік боксқа қосқан үлесіне жоғары баға берді

ҰОК

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Асунсьонде (Парагвай) өтіп жатқан Panam Sports Бас ассамблеясына қатысып, Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бахпен кездесті.

ҰОК мәліметінше, Бах Геннадий Головкиннің әлемдік боксқа қосқан үлесіне жоғары баға беріп, оны World Boxing Олимпиадалық комиссия төрағасы болып сайлануымен құттықтады. Сонымен бірге алдағы ынтымақтастық жемісті болатынына сенім білдірді.

Геннадий Головкин ХОК президентіне комиссияның егжей-тегжейлі жұмыс жоспарын таныстырып, алдағы уақытқа жоспарланған міндеттерді атап өтті. Қос тарап та бокстың Олимпиада бағдарламасында қалуының, соның ішінде 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін алдағы Олимпиада ойындарына енуінің маңызы зор екенін баса айтты.

Сонымен бірге Қазақстан ҰОК президенті жаңа тағайындалған Panam Sports президенті және Чили ҰОК басшысы Невен Иличпен кездесті.

Геннадий Головкин Невен Иличті Panam Sports Бас ассамблеясы аясында Олимпиадалық комиссияның жұмысына ұсынған алаң үшін алғыс білдірді. Невен Илич өз кезегінде толықтай қолдау көрсетуге және бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.