«Енді күтіңдер»: Жәнібек Әлімханұлы WBO-ның шешіміне пікір білдірді

Редактор
09.10.2024, 09:27

Qazaq Style 4 қазанда Жәнібек Аустралияда жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичті нокаутпен жеңген болатын

Instagram/janibek_alimkhanuly

Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы британдық Хамза Ширазбен міндетті жекпе-жек өткізуі тиіс. Ол аталған кездесуде WBO титулын қорғайды. Осы жаңалықты естігеннен кейін қазақ боксшысы мәлімдеме жасады.

Есте болса, 4 қазанда Жәнібек Аустралияда жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичті нокаутпен жеңген болатын.

«Мен дайынмын! Жұрттың бәрі менің Хамзамен жекпе-жек өткізуден қашып жүр деп айыптаған еді. Енді күтіңдер», - деп жазды Әлімханұлы өзінің X-парақшасында.

Айта кетейік, күні кеше WBO ұйымы Жәнібекті Хамзамен жұдырықтасуға міндеттеген еді. Екі тарап 15 тәулік ішінде өзара келісімге келіп, жекпе-жектің өтетін орны мен күнін анықтауы тиіс. Ал, егер келесімге келе алмаса промоутерлік сауда өткізіледі.

«Көрдіңіздер ме, енді бәрі ресми! Мен және менің командам дайынбыз. Енді Хамзаның ағасынан жауап күтеміз», - деп жазды Әлімханұлы.

Андрей Михайловичпен болатын жекпе-жек алдында WBO ұйымы чемпиондық белбеуді Жәнібектен алып қойып, вакантты ететінін айтқан болатын. Алайда, артынша бұл ойынан айнып, қазақ боксшысына оны қорғауға мүмкіндік беретіні белгілі болды.