Өзбек Баходир Жалолов Усик – Фьюри жекпе-жегінің жеңімпазымен жұдырықтасуы мүмкін

Редактор
09.12.2023, 15:33

Үшеуі де осы күнге дейін кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген

SHOWTIME

Халықаралық бокс қауымдастығының президенті Умар Кремлев өзбекстандық боксшы Баходир Жалоловқа супер жекпе-жек ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, ақпан айында болатын Александр Усик пен Тайсон Фьюри кездесуінде жеңіске жеткені Баходирмен жұдырықтасуы мүмкін. Бұл туралы «Спорт Экспресс» басылымы жазды.

Айта кетейік, Усик (21-0, 14 KO) қазіргі таңда аса ауыр салмақта WBA-Super, IBF, WBO және IBO чемпиондық белбеулерінің иесі. Ал, Фьюри (35-0-1, 24 KO) WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы. Екеунің жекпе-жегі 17 ақпанда Сауд Арабиясында өтеді.

Баходир Жалолов болса кәсіпқой бокста 14 кездесу өткізіп, бәрінде нокаутпен жеңіске жеткен. Әзірге оның чемпиондық белбеуі жоқ. Әуесқой бокста ол Токио олимпиадасының чемпионы, әлемнің екі дүркін, Азияның үш дүркін жеңімпазы. Биыл Ханчжоуда өткен Азия ойындарын да жеңіп алды.