Қазақ боксшысы мексикалық қарсыласын нокаутпен жеңді

Редактор
26.10.2024, 11:47

Ол әйгілі Сауль Альварестің спарринг серігі болған

instagram.com/nurmaganbet.bek.kazbekuli

Кәсіпқой бокста екінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Бек Нұрмағанбет кезекті жекпе-жегін нокаутпен аяқтады.

Сан-Джасинто (Калифорния, АҚШ) қаласында өткен бокс кешінде отандасымыз мексикалық Хоакин Мурриета Лусиомен жұдырықтасқан болатын. Сегіз раундқа жоспарланған жекпе-жек небәрі екінші раундта нокаутпен аяқталды. Бектің ауыр соққысына төтеп бере алмаған мексикалық боксшы кездесуді жалғастырудан бас тартқан.

Осылайша, Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы 13-ші жеңісіне қол жеткізді. Оның 11-ін нокаутпен аяқтаған. Ал, қарсыласы болса 14-ші рет жеңіліп отыр. Тағы 13 жекпе-жегінде жеңіске жетсе, үшеуінде тең ойнаған.

Айта кету керек, Бек Нұрмағанбет әйгілі мексикалық боксшы Сауль Альварестің залында жаттығып, онымен бірнеше рет спарринг өткізген.