Қазақ боксшысы Аслан Елдібайұлы қырғыз қарсыласын қиындықсыз жеңіп, ӘЧ-нің жартылай финалына шықты

Редактор
30.10.2024, 21:15

Бүгін тағы алты боксшы шаршы алаңға шығады

Архив: ҚБФ

Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Аслан Елдібайұлы (+92 кг) ширек финалда қырғыз боксшысы Мырзакир Кошалиевті жеңіп, келесі айналымға өтті.

Жекпе-жек бастала салысымен боксшылар ашық айқасқа көшкен. Десе де, Асланның тәжірибесі мен шеберлігі бір басқа жоғары екені анық байқалды, тиісінше төрешілер де бұл раундты 4:1 есебімен қазақ боксшысының пайдасына шешті.

Ал, екінші раундта Кошалиевтің белсенділігі үшін жеңіс Қырғызстан өкіліне 3:2 есебімен берілді. Шешуші үшінші раундта Аслан сауатты жұдырықтасып, қарсыласын еш қиындықсыз 5:0 есебімен жеңіп алды. Осылайша ол жартылай финалға шығып отыр. Финал жолдамасын отандасымыз өзбек боксшысымен сарапқа салады.

Айта кетейік, жарыстың бүгінгі сессиясында Қазақстанның қыздар құрамасынан Елянур Турганова (50 кг) мен Бағжан Отынбай (52 кг) да рингке шығып, жартылай финал жолдамасын жеңіп алды. Осылайша ұлттық құрама сапынан әзірге 11 боксшы жартылай финалда. Бүгінгі жарыс күнінде тағы алты боксшымыз жекпе-жекке шығады.