«Иығым 4-5 жерден сынған, әлі темірмен жүрмін»: Сәкен Бибосынов ауыр жарақаты жайында

Редактор
13.12.2023, 11:30

Иығын ол журналистермен футбол ойнап жүрген кезде сындырып алған

olympic.kz

Бокстан Токио олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов 2022 жылдың соңында алған жарақатына байланысты көптеген жарыста жолы болмағанын айтқан еді. Бокс федерациясының өкілдерімен болған сұхбат кезінде спортшы осынау жарақаттың сызы әліге дейін сезілетінін жеткізді. 

Оның сөзінше, оқыстан болған жағдай БАҚ өкілдерімен өткен футбол кезінде болған. Салдарынан боксшының бұғанасы сынып, жауырын сүйекке темір салыныпты.

«2022 жылдың аяғында жарақат алдым. Содан кейін бабыма келуге көп уақыт керек болды. Сол кездері маған сын айтушылар да көп болды. Біреудің сөзіне бола алға қойған мақсатымнан жаңылмаймын. Себебі, мақсатым айқын. Әлем чемпионатына барғанда «жарақаты болса неге қатысты» деп жатты. Бірақ мен ол кезде жарақатымнан айыққан болатынмын. Тек әлем чемпионатының алдында жарыстарға қатысу практикасы жетіспеді. Әлем біріншілігіндегі кездесуде ұтып, бабыма келемін деген ой болған. Бірақ бұған Мырзағали Айтжановтың кінәсі жоқ. Ұтылып қалу – бірінші кезекте өз кінәм. Жарақаттың салдарынан көп уақыт жоғалттым. 

Жарақатты былтыр 25 желтоқсанда алдым. Бір жыл болды. 28 желтоқсанда ота жасаттым. Журналистер мен бокстан ұлттық құрама өкілдері футбол ойнаған. Біз 3:1 есебімен ұтып тұрдық. Ойын аяқталуға 2 минут қалғанда әуеден келген допты кеудеммен қабылдаған едім, біреу денесімен келіп соқты. Мен құлап, иығыммен жерге түстім. Бұғанам сынды. Алда әлем чемпионаты, Олимпиада бар. Соны уайымдап, жылап та алдым. Ол жерде бар ойым спорт еді. Ота жасатсам уақыт жоғалтамын. Сынықшыға барып едік, бірден гипстеп берді. Бір күн жүрдім. Сүйек бір орында тұрмай, қозғалған сайын ауырып мазамды алды. Шымкенттегі Марат Құдайбергенов деген дәрігерге тексертсем, сынған сүйек қисық тұр екен. Егер сынық сол күйі қисық бітсе бір иық қысқа болып қалатыны белгілі болды. Ұрған сайын ауырады екен. Алматыға келіп ота жасаттым. Қазір таңда иығымда темір бар. Соның күшімен жүрмін. Ол әлі толық бітпеді. Жауырынымда бір ғана сынық болса, бір жарым айда бітіп кететін еді. Өкініштісі, бір емес, 4-5 сынық болды. Соның өзімен 1,5-2 айдан соң жаттығуды бастадым. Қазір одан еш кедергі жоқ. Жауырынға салған темір 7 бұрандамен тұр. Оны тек үйдегілер біледі. Оны әркімге барып айта алмайсың ғой. Жарақатым осындай деп көрсеткім де келмейді. Жарақаттан соң иық өзімдікі секілді болмайды. Қан тамырым үзіліп кеткен. 6-9 ай аралығында жаттығу жасама деген. Бірақ мен 1,5 айдан соң залға келдім. Адамға денсаулық керек. Бірақ маған арман жолында жарақат бөгет емес», - деді спортшы сұхбат барысында.

Материалда: