«Анау айтқандай жау емеспіз». Санжар Тәшкенбай Сәкен Бибосыновпен қарым-қатынасы туралы айтты

Редактор
13.12.2023, 11:53

Қос боксшы Спартакиаданың финалында жұдырықтасты

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан әлем чемпиондары, бір салмақтағы басты қарсыластар Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбай Қазақстан бокс федерациясы ұйымдастырған подкастқа бірге сұхбат беріп, өзара қарым-қатынасы туралы айтты. Сондай-ақ, екі спортшыға қатысты айтылатын сынға қатысты жауап берді.

Сұхбат барысында Сәкен Бибосынов өзіне сын көп айтылатынын, соған қарамастан қарымды қарсыласы саналатын Санжар Тәшкенбай мен Даниал Сәбиттен бір жарыста басым түскенін алға тартты. 

«Көбі әлеуметтік желіде пікір жазып, «жасың біразға келді, боксты қойсайшы» деп жатады. Мен небәрі 26 жастамын. Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев ағаларымыз 30-ға таяғанда Олимпиада шыңын бағындырған. «52 келіде Сәкеннен басқа спортшылар жоқ па» деп жатады. Спартакиадада Даниал Сәбит, Санжар Тәшкенбай сынды қарымды қарсыластарымды ұттым. Бұған дейін де өзімді дәлелдедім. Головкинге ел әңгіме айтқа соң біз оның қасында түк те емеспіз», - деді Сәкен Бибосынов.

Ал, Санжар Тәшкенбай Спартакиададағы финалдық жекпе-жегі туралы айтып, елдің «Сәкен екеуі бір-біріне жау сияқты болды» деген пікіріне түсінік берді.

«Менде Сәкенге деген еш шағым жоқ. Шаршы алаңда қарсылас болғанымен өмірде аға деп сыйлаймын. Жалпы, жекпе-жекке үлкен мақсатпен шығасың. Күліп жүру деген ринг сыртында қалады. Біз жау емеспіз. Ол рингтегі мінез. Өмірде аға болған соң көп үлгі аламыз, - деді Санжар Тәшкенбай. 

Сондай-ақ, Санжар Тәшкенбай финалдық сынның соңында Сәкеннің қолын көтергенде неліктен қол соққанын да түсіндіріп, оның мықты тұстарын да алға тартты. 

«Сәкен өте тәжірибелі. Екі рет ӘЧ-ның жүлдесін алды, Олимпиада қатысып, үздіктер қатарында болды. Боксшы ретінде қолы ұзын, қарсыласты сезіне алады. Оңай қарсылас емес. Өте жылдам. Ол туралы айтатын нәрсе көп», - деді спортшы.

Бұдан бөлек, Санжар Тәшкенбай спартакиада екінші орын алғанда айтылған сынды қалай қабылдағаны туралы ой бөлісті.

«Сын айтатын адам көп. Мұндай сөзді енді ғана естіп жүрміз. Бұған дейін Сәкен, Абылайхан ағаларымызға айтылған сынға куә болдық. Сын айтылса тоқтамау керек. Еңбектену керек. Финалда ұтылған соң бапкермен сөйлестім. Бұл үлкен тәжірибе болды деді. Негізі көп бапкерлер жақсы айқас болды дегенді айтады. Ұтылсақ та тоқтамаймыз деген ойдамын», - деді әлем чемпионы. 

Сондай-ақ, спортшы биыл отау құрғанын, әлем чемпионатынан алған қомақты ақшаның бір бөлігін жаратып, әкесі қымбат жол талғамайтын көлік сыйлағанын ерекше атады. Сонымен бірге, өмір бойы такси қызметін атқарған әкесі қазір тынығып жүргенін жеткізді.