Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз жекпе-жегі мүлдем өтпеуі мүмкін

Редактор
06.11.2024, 10:52

Британдық боксшы Әлімханұлының орнына басқа чемпионды қарастырып жатыр

Top Rank

Кәсіпқой бокстан орта салмақта IBF және WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) мен британдық Хамза Шираз арасындағы жекпе-жек (21-0, 17 KO) мүлдем өтпеуі мүмкін.

The Ring ақпараты бойынша, Әлімханұлы мен Шираз менеджерлері келіссөз жүргізіп жатыр. Алайда, британдық Qazaq Style-дың орнына WBC белбеуінің иегері Карлос Адамеспен (24-1, 18 KO) жұдырықтасуы мүмкін.

Шираз – WBC және WBO белбеулеріне үміткер №1 боксшы.

Бұған дейін Адаместің келесі қарсыласы тағы бір қазақ боксшысы Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 КО) болуы мүмкін екені айтылған. Алайда, тараптар келіссөз жүргізуді бастамаған.

Айта кетейік, жақында WBO-ның жаңа президенті Әлімханұлы мен Шираз арасындағы келіссөздер мерзімін 11 қарашаға дейін ұзартуды жөн көрген болатын. Бұған дейінгі мерзім 23 қазан, кейін 4 қараша болған. Ол кезде де қос тарап мәмілеге келе алмаған еді.

4 қазанда өткен соңғы жекпе-жегінде Жәнібек Әлімханұлы жаңазеландиялық боксшыны нокаутпен жеңген болатын. Ал, Хамза Шираз болса 21 қыркүйекте өз жерлесі Тайлер Денниді екінші раундта ұрып құлатты. Қос боксшы да бұған дейін мүлдем жеңіліп көрмеген.