«Әлемнің ең үздік боксшыларын ұрғым келеді»: Ангелина Лукас рингке оралатын уақытын айтты

Бүгін, 09:36

Ол соңғы рет қазан айында жекпе-жек өткізген

instagram.com/angelina_lukas1997/

Екінші аса жеңіл салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы қазақстандық Ангелина Лукас келесі жекпе-жегі қашан өтетінін айтты.

Танымал кәсіпқой боксшы қазір демалыста, жуық арада жаттығуға кірісетінін 1bol.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Қазір демалып жүрмін, алдағы уақытта жаттығуды бастаймын. Өздеріңіз білетіндей, 10 раундтық ауыр жекпе-жек өтті, мұндай айқастан соң бір ай қалыпқа келу қажет. Бірер күнде жаттығуға кірісемін. Екі оқу-жаттығу жиындары өтеді: бірі – Таиландта, екіншісі – Біріккен Араб Әмірліктерінде. Әдетте жаттығу арнайы лагерьде өтеді, онда Аустралия, АҚШ секілді елдерден жиналған боксшылар бар. Спаррингтерім негізінен солармен өтеді», - деді Лукас. 

Ангелина алдағы қарсыласы мен жекпе-жегі жайлы да мағлұмат бере кетті.

«Алда WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы мексикалық Эшли Гонсалес Масиаспен кездескім келеді. Бұған дейін ол бірнеше рет менімен жұдырықтасудан бас тартты. Бірақ біз үмітті үзбей, оның оң жауабын күтіп жүрміз. Егер ол болмаса, онда әлемдегі үздік үштікке кіретін боксшылармен жұдырықтассам деймін. Келесі айқасымды осы жылдың желтоқсан айының соңында өткіземіз деген жоспар бар. Соған тыңғылықты дайындаламын. Дубай немесе Сауд Арабиясының бір қаласы деп отырмыз», - деді Лукас.

Осы орайда боксшыдан араб елдерінде боксшы қыздардың жекпе-жектеріне деген көзқарасын білдік.

«Иә, бұрын жағдай басқаша еді, қазір мүлде бөлек. Қазір сол жақтағы ұйымдастырушылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олардың өздері қызығушылық танытып, менің айқасымның сол жақта өткенін қалайды екен», - дейді ол.

Ангелина болашақта АҚШ-та өнер көрсетуі мүмкін бе деген сауалға қатысты боксшы ару былай деп жауап қатты:

«Қазір АҚШ-та кәсіпқой бокс жекпе-жектері көп өтпейді. Ол жақтағы аренадан бәрі Сауд Арабиясына, БӘА-ге кетіп жатыр. Ірі бокс кештерінің барлығы дерлік араб елдерінде ұйымдастырылып жатыр».

Ангелина Лукас кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізіп, соның 11-де жеңіске жетті. Соңғы жекпе-жегін ол биыл қазанда аргентиналық экс-әлем чемпионы Анна Лопезге қарсы өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.