Еркектердің жыныс ауыстырып, қыздармен жұдырықтасуы дұрыс па?
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас Токио Олимпиадасына жынысын ауыстырған еркектен жеңіліп қалғандықтан қатыса алмағанын мәлімдеді.
Бұл туралы спортшы кезекті сұхбат барысында айтты. Оның сөзінше, жолдама беретін турнирінде тай елінің өкілімен кездесіп, одан ұпай санымен жеңілген. Артынша белгілі болғаны, оның қарсыласы қыз емес ер жігіт екен.
«2021 жылы лицензиялық турнирге қатыстым. Менің қарсыластарымның арасында Қытай, Жапония сынды елдердің белгілі боксшылары болды. Олардың бұл салмақта жүргеніне 5-6 жыл болғандықтан біз олар туралы білдік. Бұл салмақтағы Таиланд боксшысын білсек те, ол турнирге келмеді. Оның орнына бейтаныс боксшы қыз келді. Мен бірінші айналымда сонымен жұдырықтасатын болдым. Қарсылас туралы деректі іздегенімде ақпарат өте аз болды. Ал, оның келбетіне қарап ер адам екенін анықтау қиынға соқпады. Үстіне тек бокс жейдесін ғана киіп, ішінен ештеңе кимейтін. Жекпе-жек барысында мен оны жеңген едім. Алайда 3:2 есебімен жеңіс оған берілді. Сөйтіп ол сол турнирде Токио Олимпиадасына жолдама алды», - деді Лукас.
Ангелина Лукас әуесқой бокстан ұлттық құрама сапында 50 келіде өнер көрсеткен еді. Спортшы бір кездері Назым Қызайбайға бәсекелес болып, екеуара бірнеше рет дау туған.
Биыл Париж Олимпиадасында әйелдер боксынан Алжир өкілі Иман Хелифтің трансгендер екені туралы бірнеше рет айтылды. Тіпті, жекпе-жек барысында онымен сынға түскен Италия боксшысы бірінші раундтың ортасында кездесуді жалғастырудан бас тартты. Бұдан кейін Иманның әкесі оның туу туралы куәлігін көрсетіп, биологиялық қыз екенін айтты.