Азия бокс конфедерациясы IBA-да қалатын болды
Бангкокте Азия бокс конфедерациясының кезектен тыс конференциясы өтті. Күн тәртібінде «ұйым World Boxing сапына қосылу үшін IBA-ден шыға ма» деген мәселе қаралды.
ASBC құрамына кіретін 36 федерацияның 25-і IBA-ден шығуға қарсы дауыс берді. 10 федерация қолдаса, тағы біреуі дауыс беруден тыс қалды. Дауыс беру жабық өткендіктен Қазақстанның қалай дауыс бергені әзірге белгісіз.
Дауыс беру қорытындысынан соң конфедерация президенті Пичаи Чунхаваджира мен бас хатшы Али Саламех отставкаға кету туралы өтініш берді.
Жиын нәтижесінде Азияда World Boxing құрамына кіретін жаңа бокс құрылымы пайда болатыны анықталды.
World Boxing президенті Борис ван дер Ворст мұны «спортты дамытудағы тарихи сәт» деп атады. «Біз Азиядағы бокс мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған қадам жасағанымызға қуаншытымыз. Жаңа азиялық бокс конфедерациясы қарқынды дамып, аймақтағы осы спорт түрінің қанат жаюына үлес қосады деп сенеміз», - деді ол.
Айта кетейік, IBA Халықаралық олимпиада комитетінің сенімінен айырылған.