Ол ауыр салмақта сынға түседі
Өзбекстанда тұратын этникалық қазақ боксшысы Мадияр Саидрахимов Таиландта өтетін Азия чемпионатына қатысатын болды.
Өзбекстан құрамасы барлық 13 салмақта боксшылар алып барады. Қазақ Мадияр Саидрахимов болса 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғамақ. Ал, бұл салмақта Қазақстан атынан Сағындық Тоғамбай жарысқа қатысады.
Мадияр Саидрахимов 2021 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Сол жарыстың 1/8 финалында ол қазақ боксшысы Айбек Оралбайды жеңген болатын. Сондай-ақ, 2022 жылы Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. 2019 жылғы Дүниежүзілік әскерилер ойынында топ жарды.
Еске салайық, бұған дейін де Өзбекстан құрамасында бір қазақ боксшысы өнер көрсеткен. 63,5 келіде Парижге барған Руслан Абдуллаев жартылай финалға жетпей сүрінді. Олимпиада ойындарынан кейін ол кәсіпқой боксқа ауысқан болатын.