Азия чемпионатында аса ауыр салмақта өзбек боксшысы чемпион атанады – ASBC

Редактор
Бүгін, 00:01

Бұл салмақта Қазақстан намысын Айбек Оралбай қорғайды

asbcnews.org

Санаулы күндерден кейін Таиландта бокстан Азия чемпионаты жалауын көтереді. Байрақты бәсекеге «сары құрлықтың» ең үздік боксшылары жиналады.

Азия бокс конфедерациясының (ASBC) баспасөз қызметі мәлімдегендей, аса ауыр салмақтың (+92 кг) басты фавориті – өзбек Жахонгир Зокиров. Небәрі 21 жастағы боксшы ұлттық құрамада әйгілі Баходир Жалоловтың орнын басқан.

«Аса ауыр салмақта бүкіл әлемде Өзбекстанның боксшылары ең мықты болып саналады. Мәселен, жарық жұлдыз Баходир Жалоловтың орнын оның 21 жастағы ізбасары Жахонгир Зокиров басып келеді. Жас болса да ол айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгерген, Азия чемпионаттарында бес рет топ жарды. Сондықтан ол Чиангмайда өтетін жарыстың басты фавориті саналады», - делінген ASBC-ның баспасөз қызметі жариялаған мақалада.

Айта кетейік, Қазақстан намысын аса ауыр салмақта Айбек Оралбай қорғайды. Ол Париж Олимпиадасында -92 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, ширек финалда жеңілді. Осыдан кейін салмағын көтеріп, Шымкентте өткен халықаралық турнирдің чемпионы атанды.

Таиландтағы Азия чемпионаты 28 қарашада басталып, 12 желтоқсанда мәресіне жетеді. Қазақстан боксшылары 13 салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.