Ирландияда поляк боксшысы Дамиан Вржесинскиймен (28-3-2, 7 КО) қолғап түйістіреді
Қазақстандық жартылай жеңіл салмақтағы боксшы Сұлтан Зауырбектің (18-0, 13 КО) рингке оралатын күні белгілі болды. Бұл туралы Wasserman Boxing промоутерлік компаниясы Instagram парақшасында мәлім етті.
Сұлтан Зауырбек 7 желтоқсан күні Ирландияның Уотерфорд қаласында поляк боксшысы Дамиан Вржесинскиймен (28-3-2, 7 КО) қолғап түйістіреді. «Қазақ королі» атанып кеткен Зауырбек WBA рейтингінде үшінші орында тұр және осы жекпе-жекте екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBA Continental титулын қорғайды.
«Сұлтан Зауырбек жеңіске жетсе 2025 жылы әлем чемпионы атағына таласу мүмкіндігіне жақындай түспек», – делінген Wasserman Boxing компаниясының жазбасында.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы 22 маусымда аргентиналық Роман Рубен Рейносомен (22-4-2, 10 КО) жұдырықтасқан болатын. Бәске WBA Continental титулы тігілді және жекпе-жек он раундқа жоспарланған болатын. Алайда, қазақ боксшысы мәселені бірінші раундта шешіп тастады. Алдымен екі нокдаун алған аргентиналық үшінші ауыр соққы алғанда орнынан тұра алған жоқ.