Әйгерім Сәттібаева Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды
Әйгерім Сәттібаева Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. 48 келіге дейінгі салмақ өкілі жартылай финалда өзбекстандық Фарзона Фозиловамен шеберлік байқасты.
Боксшыларын барын салды, әсіресе қазақстандық былғары қолғап шеберінің қайсарлығы тәнті етпей қоймайды. Қарсыласынан 13 жасқа үлкен болғанына қарамастан, Әйгерім әсіресе үшінші раундта өзбек қызын демалдырған жоқ. Бірақ төрешілер жеңісті өзбекстандық спортшыға берді - 4:1.
Сәттібаева жекпе-жек қорытындысына қатысты былай деді:
«Төреші емеспін, сондықтан олардың шешіміне қарсы келе алмаймын. Қолымнан келгенін жасадым, тырыстым, аянып қалған жоқпын. Бірінші кезекте ел намысын қорғау үшін. Қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүк апаларымыз секілді ерлік жасағым келді, бірақ алтын медаль бұйырмады. Бірақ қолаға да шүкір, бұл да бір жетістік», - деді Әйгерім.
Сонымен қатар ол ел біріншілігінде бақ сынайтынын да алға тартты.
«Егер Азия чемпионатында бірінші орын алғанымда, демалушы едім. Енді бағымды сынаймын. Алдымен бапкерлермен ақылдасып, сосын шешім шығарамыз», - деді ол.
Сонымен қатар бес баланың анасы ата-енесіне алғысын жеткізді.
«Бір ай үйде болған жоқпын. Осы уақыт аралығында бес балама қарап, еш алаңсыз жаттығу жасауыма мүмкіндік берген алдымен Алла, сонан соң ата-енем, сол кісілерге алғысымды айтамын. Балаларым жеңіспен келуімді сұраған, болмай қалды. Аллаға шүкір, құр қол келмеймін», - деп қосты Әйгерім Сәттібаева.
Айта кетейік, бұл - Әйгерімнің спорттық жолындағы Азия чемпионатында алған екінші қола медалі.