«Ол мықты, бірақ танымал емес»: Хамза Шираз Жәнібек Әлімханұлынан неге бас тартқанын айтты

Редактор
10.12.2024, 10:30

Оның аікірінше, қазір Жәнібектің жағдайы қиын

TopRank

Британдық кәсіпқой боксшы Хамза Шираз IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен болуы тиіс жекпе-жектен бас тартып, оның орнына WBC чемпионы доминикалық Карлос Адаместі таңдаған болатын.

BoxNation тілшісіне сұхбат берген Шираз мұндай таңдауды неге жасағанын түсіндірді.

«Бұл Фрэнк Уорреннің (Шираздың промоутері – авт.) шешімі. Мен WBC титулына Уильямспен болған жекпе-жектен кейін-ақ міндетті үміткер болғанмын. Яғни, Карлос Адамеспен бұрынырақ жекпе-жек өткізуім керек еді. Бірақ, оның өзге боксшымен жұдырықтасуын күтетін болғандықтан, уақыт жоғалтпайын деп мен Тайлер Деннимен аралық кездесу өткізем деп шештім.

Адамеспен менің жекпе-жегім WBO мені Жәнібекпен жұдырықтасуға міндеттеуден бұрын жоспарланып қойған. Тек мұны көпшілік білмейді, жарнамалаған жоқпыз.

Көпшілік мені Жәнібектен қорқып қашып кетті деп жазып жатыр. Бұл ақылға қонымсыз айыптау. Боксшылар ешқашан бір-бірінен қашпайды. Бәрі қаржыға келіп тіреледі, тиімді болса жекпе-жекке кіммен болса да шыға бересің. 

Жәнібек қазір әркімнен жекпе-жек сұрап жалынып жүр. Соған байланысты хейтерлер бізді айыптауда. Иә, ол мықты боксшы, бірақ танымал емес. Сондықтан жекпе-жек алу үшін қолынан келгеннің бәрін істеп жатыр, тіпті кейде ақымақ болып кетеді», - деді Хамза Шираз.

Еске салайық, биыл қазан айында Жәнібек Әлімханұлы жаңазеландиялық Андрей Михайловичті жеңгеннен кейін WBO ұйымы оны Хамза Ширазбек жұдырықтасуға міндеттеген. Алайда, тараптардың менеджерлері ортақ келісімге келе алмай, Шираз ақпан айында Карлос Адамеспен жекпе-жек өткізетін болып шешті.