Чемпионат алдында Қазақстан құрамасы фаворит саналғанымен, өзбектерден мықты емес екенін көрсетті
Өзбекстанның Upl.uz сайты бокстан Таиландта аяқталған Азия чемпионатын қорытындылады. Сайтта жарық көрген мақалада бокстан Өзбекстан құрамасы әлемдегі ең үздік командалардың бірі ретінде көрсетіліп, қазақ боксшыларына қатысты да пікір айтылған.
Еске салсақ, Азия чемпионатында ерлер арасында Қазақстан боксшылары 5 алтынға қол жеткізсе, Өзбекстан 7 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
«Бокстан Өзбекстан құрамасы Таиландта өткен Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып, әлемдегі ең үздік команда екенін дәлелдеді. Біз бұл жарысқа негізгі құрамдағы боксшыларды, оның ішінде Олимпиада чемпиондарын алып бармағанымызды да ескеру керек. Ал, екінші орынды Қазақстан құрамасы иеленіп, өзінің мықты дайындықпен келгенін көрсетті.
Чемпионат алдында Өзбекстан құрамасы бірінші номерлі боксшыларын апармайтыны белгілі болып, жарыстың басты фавориті ретінде Қазақстан құрамасы қарастырылған. Қазақстан қыздарының сәтті өнер көрсетуі де осы болжамды ныңайта түсті. Дегенмен, финалдық бәсекелерде өзбек боксшыларының жаппай жеңіске жетуі Өзбекстан боксының әлдеқайда мықты екенін тағы бір көрсетіп отыр», - делінген аталған мақалада.
Өзбек сарапшылары сондай-ақ Қазақстан боксшыларындағы ең басты проблема деп физикалық дайындығын атаған.